СҚО-да полицейлер қоғам белсенділерімен қылмысқа қарсы күрес шараларын талқылады
СҚО-да полицейлер қоғам белсенділерімен қылмысқа қарсы күрес шараларын талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылы алғаш рет өткізілген Полиция департаменті қасындағы Консультативтік-кеңесші органның отырысында полицейлер және қоғам белсенділері өзекті мәселелерді талқылады. Ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар және жұмыс нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ, мектептің қасындағы жолда бағдаршамды және жылдамдық режимін тіркейтін бейнекамераларды орнату туралы Мағжан Жұмабаев мектеп-лицейінен келіп түскен өтінішхат зерделенді.
Бірінші мәселе бойынша баяндаған Криминалдық полиция басқармасы бастығы Марат Жұмалиев ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қарсы күрес бойынша өңірдегі жағдай тұрақты екенін мәлім етті. Өткен жылдың 12 айында криминалдық полицияның жедел уәкілдері ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерінен 8 грамм героин, бір килограмм гашиш және 46 килограмм марихуана тәркіледі. Профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларының барысында заңсыз айналымнан 23 атыс қаруы алынды.
Сондай-ақ, балалардың жол-көлік жарақаттануын ескерту мәселесі қозғалды. Мағжан Жұмабаев ат. мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Бақытжамал Қанафина балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары туралы еске салып, мұндай фактілерді алдағы уақытта болдырмау қажеттігін атап өтті. Консультативтік-кеңесші орган мүшелерінің, қалалық әкімдіктің ТКШ бөлімінің өкілі Серік Жанғожиннің, Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың қатысуымен осы мәселені шешу кезеңдері талқыланды. Мектеп қасындағы жолда уақытша жасанды бұдырлық орнату ұсынылды. Барлық қажетті ресімдер мен жұмыстар аяқталғаннан кейін М.Жұмабаев көшесіндегі аталған жол учаскесіне бағдаршамды орнату жоспарланып отыр.
Отырыс барысында Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов өткен жылы атқарылған жұмыс туралы есеп берді, 2022 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды. Қоғам белсенділері мен полицейлердің отырысы тоқсанда бір рет өткізіледі.