Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада Ұлттық ұлан офицері газ баллондардың жарылуына жол бермеді

Ұлттық ұлан офицері Марат Тұрғынбаев жанып жатқан нысаннан төрт газ баллонын алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 21 қаңтар күні сағат 23.00-де орын алған. Өз пәтерінің балконында тыныстап тұрған әскери қызметші Айнакөл – Қошқарбаев көшелерінің қиылысында орналасқан жер үйлердің бірінен қара түтін шығып жатқанын байқайды.

Марат Тұрғынбаев уақыт жоғалтпай бірден сыртқа шығып, көмектесіп үлгерермін деген оймен сол үйге жүгіріп келеді. Түтіндеп жатқан үй ішіне кірген бетте газ баллондарға көзі түседі. Мұндай қадамның қауіпті екенін білсе де, ол газ баллондарды тездетіп қауіпсіз жерге шығара бастайды.

Жылдам әрі кәсіби іс-әрекетінің арқасында Ұлттық ұлан офицері жанып жатқан үйден төрт газ баллонды сыртқа шығарып, гаражда тұрған екі көлікті эвакуациялайды. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер тобы келгенше тілсіз жауды ауыздықтауға көмектеседі.

– Жүгіріп барғанымда қақпа алдында өрт сөндірушілерді күтіп тұрған бес-алты адамды көрдім. Үйге қосылып тұрған монша мен тұрмыстық ғимараттар бұл уақытта жанып үлгерген екен. Үй ішінде түтіннен дым көрінбейді, беті-аузымды жеңіммен көмкеріп алып, жан-жақты барладым. Біраз газ баллондар тұр екен, соларды сыртқа таси бастадық. Жалпы сегіз баллон болған, үй иесі екеуіміз төрт-төрттен шығарыппыз. Сондай-ақ, ол кісіге гаражда тұрған екі көлігін сыртқа шығаруға көмектестім, – дейді әскери қызметші.

Көрші үйлердің аумағына қарай өткен от өрт сөндірушілер мен тұрғындардың шұғыл көмегінің арқасында тоқтатылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру