СҚО-да полицейлер тұрғынның жоғалған сиырларын тауып берді
СҚО-да полицейлер тұрғынның жоғалған сиырларын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны екі қара малынан айырылып қала жаздады.
10 мамыр күні әйел екі сиырының жоғалғаны жайлы арызданған. Табынға жіберілген малы үйіне келмепті. Полиция қызметкерлері мал ұрлығы фактісі болуы мүмкін деп тексеріске кірісті. Келесі күні маңайды тексерген кезде, мал баққан маңнан бес шақырым жерден сиырлар табылды. Олар тартылған көлдің батпағынан шыға алмай қалған. Полицейлер көмекке жергілікті тұрғындарды шақырды. Екі бескөлдік Т-25 және МТЗ-80 тракторларының көмегімен сиырларды батпақтан шығаруға көмектесті.
– Шаруашылығынан айырылып қала жаздаған малдың иесі қызметкерлерге алғысын білдірді. Адамдарға көмектескен әр факті полицияны халыққа одан әрі жақындата түседі. Бұл ретте барлық ауылшаруашылығы малдарының иелерінен мал баққан кезде мұқият болып, бос жібермеуді сұраймыз. Қараусыз бос жүрген мал ұрылардың көзіне түсуі немесе жол үстіне кездейсоқ шыға келіп жол-көлік оқиғасына себепкер болуы мүмкін, – дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.