Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері оқушылар арасында велосипед жарысын ұйымдастырды

Петропавл полицейлері оқушылар арасында велосипед жарысын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері мен ұстаздар балаларды жазғы демалысқа дайындауда. Тәртіп сақшылары мектеп оқушыларымен, олардың ата-аналарымен кездесіп, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызы туралы түсіндіруде.


“Балалар жылы” және “Назар аударыңыз, балалар!” республикалық акциясы шеңберінде қалалық №23 орта мектепте кезекті алдын алу іс-шарасы өткізілді. Полицейлер 160-қа жуық балаға жол белгілерінің және жолды бағдаршам, жаяу жүргіншілер жолағы арқылы өтудің маңызын егжей-тегжейлі айтып берді.

– Акция барысында велосипед жүргізу ережелеріне баса назар аударылды. Балаларға жаяу жүргіншілер өткелінен, бағдаршамның жасыл түсінен өтер кезде велосипедтен түсіп, оны қолға ұстап өту қажет екенін еске салдық. Себебі автокөлік жүргізушілері велосипед пен самокат мініп келе жатқан жүргізушілерді көрмей, көлік тежегішін уақытылы баса алмай қалуы мүмкін. Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында балалардың қатысуымен төрт жол-көлік оқиғасы орын алып, бес адам жарақаттар алды, –  дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Жеткізген ақпаратты бекіту мақсатында полицейлер балаларды жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын ескерту тақырыбында сурет салуды тапсырған. Балалар тапсырманы жауапкершілікпен орындаған. Әртүрлі сюжеттер арқылы өлең жолдарын пайдалана отырып, жолдағы ережелерді қатаң сақтауға шақырды.

Велосипед жарысы ерекше әсерлі болды. Жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға полицейлер жол әліппелерін, буклеттер мен жадынамаларды табыс етті. Бұдан соң оқушылар полицейлермен бірге Оңтүстік бақылау бекетіне барып, өтіп бара жатқан көлік жүргізушілеріне суреттерін таратты. Жүргізушілер балалардың бастамасын қолдап, олармен бірге естелікке суретке түсті.

Жалпы, төрт айда облыс жолдарында 64 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 14 адам қаза тауып, 92-сі жарақат алған. “Назар аударыңыз, балалар!” акциясы 20 мамырға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру