Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шығыс Қазақстан облысында қатаң режимді колонияда ашық есік күні өтті

Шығыс Қазақстан облысында қатаң режимді колонияда ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қатаң режимдегі колонияда сотталғандардың туыстары үшін ашық есік күні өткізілді. Қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өткізілген ашық есік күніне Қазақстанның барлық облыстарынан сотталғандардың туыстары келді.

Келушілер алдында мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары сөз сөйлеп, келушілерге мекеменің қызметі, коммуналдық қызметтері туралы, мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы арыздарды қарау кезінде сот шешімдеріне әсер ететін факторлар туралы түсіндірме берді. Туыстары мекеме басшылығына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, оларға да жеке-дара жауаптар алды.

Келушілердің біреуіне бала, біреуіне әке, біреуіне жар, біреуіне аға болып келетін сотталғандардың  тұрмыс жағдайларымен толық танысты, асхананың  технолог-аспазы Нұрсұлтан сол күнгі дастархан мәзірін және дайын болған асты да көрсетті. Кеуделерінен жеңіл күрсінген келушілер туыстарымен қоштасып, мекеме әкімшілігіне алғысын білдірді.

– Қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі сотталғандармен жұмыс істеу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, оларды түзету үшін күшті ынталандырулардың бірі жақындарымен қарым-қатынас екені сөзсіз. Сотталушының бостандықта оны біреу күтіп жүргенін сезінуінің өзі, оның жүрегіне болашаққа деген үміт пен жылулық ұялатады, – дейді мекеме бастығының орынбасары Айдын Қалелов.

– Мен ашық есік күніне бірінші рет келдім. Ұлым мұндай жақсы жағдайда жазасын өтеп жатыр деп ойламаппын. Бөлек тұрмыстық бөлмелер, заманауи әдебиеттерге бай кітапхана, бөлек тазалық бөлмелері, дәмді тағам дайындайтын аспаз-технолог, барлық ғимараттар таза және жинақы, психологтардың олармен жүйелі түрде жұмыс істейтінін естідім. Енді баламның отбасына парасатты, дені сау, рухани дамыған адам болып оралатынына сенімдімін, бұл туралы армандамаған күнім жоқ, – дейді бопсалағаны үшін жеті жылға сотталған Саяттың анасы.

– Оның ұлы әкесіз өсіп жатыр, мені мазалайтын сол. Келесі жылы ол мерзімінен шартты түрде босатылады. Бұл жөнінде мекеме әкімшілігімен сөйлестім, олар оның талап-арызының толық төленіп біткенін айтты, ұлыма оң мінездеме беріп отыр, арызын қанағаттандыру немесе қанағаттандырмау туралы шешімді сот қабылдайды, –  деп сөзін аяқтады ана.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру