Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлердің ата-аналарына құрмет көрсетілді

СҚО-да полицейлердің ата-аналарына құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызмет барысында және төтенше жағдайлар кезінде ерлік пен кәсібилік танытып, адамдардың өмірін құтқарып қалған солтүстікқазақстандық полицейлердің ата-аналарына облыстық полиция департаментінде құрмет көрсетілді. Сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан бірқатар полицейлер СҚО әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Өткен жылғы жаз бен осы жылдың мамыр айы аралығында Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамындағы патрульдік полиция батальонының бірден үш инспекторы және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімінің бір жедел уәкілі өз өмірлерін қатерге тіге отыра адамдардың өміріне араша түсті.

Ерген мен Күләй Қошмағамбетовтер – полиция аға лейтенанты Жәнібек Әнуарбековтің ата-анасы. Ол 2023 жылдың қараша айында жанындағы әріптесі полиция старшинасы Қанат Балтабаевпен бірге жанып жатқан үйден отбасылық жұпты құтқарып алды, іле газ баллонын да алып шықты. СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов Ерген Әнуарбекұлы мен Күләй Жұмағалиқызына және Қанат Балтабаевтың анасы – Бибігүл Аманбайқызына ұлдарын нағыз лайықты ер азамат етіп тәрбилегендері үшін алғысын айтып, халық пен мемлекет игілігі үшін мінсіз қызмет атқаруын тіледі.

Өткен жылы күзде Есіл өзенінің мұздай суынан әйелді құтқарып алып шыққан полиция лейтенанты Олег Головиннің анасы Евгения Головинаға да ПД басшылығы алғыс айтып, жиналғандардың қошеметіне ие болды.

Бұдан бөлек, салтанатты жиынға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімінің жедел уәкілі Өмірсерік Бірімнің анасы Орынбасар Күнқаева да келді. Оның ұлы он күн бұрын аудан орталығы Новоишимское ауылында өртеніп жатқан үйден 85 жастағы зейнеткер әжейді құтқарып қалды.

Сонымен бірге су тасқыны кезінде белсенді қызмет атқарған СҚО ПД инспекторы полиция капитаны Мақсат Медетов, Петропавл қаласы полиция басқармасының қызметкерлері  Айнагүл Омарова мен Ерболат Елубаев, Темірлан Аманжолов және ПД қызметкері Дәурен Байтұяқов СҚО әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру