Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицияның телеграм-ботына бір ай ішінде 25 хабарлама келіп түсті

СҚО-да полицияның телеграм-ботына бір ай ішінде 25 хабарлама келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында осы жылдың 11 айында 50-ге жуық адам есірткі сатты деген күдікпен ұсталды, оның жартысынан көбі 25 жасқа дейінгілер. Бұл – жаһандық проблеманың Қазақстанда да белең ала бастағандығының дәлелі.

Мұндай статистиканы СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев “Пилигрим” студенттік театры сахналаған спектакльді көру үшін Солтүстік Қазақстан университетінің бірінші корпусына жиналған жастарға айтты. Қойылым облыстық полиция мен университет арасындағы нашақорлықтың алдын алу жөніндегі бірлескен жоспары шеңберінде жүзеге асырылды.

Жастар спектакльды дайындау барысында есірткіге тәуелді адамдармен бірнеше рет көзбе-көз кездескен кәсіби психологтармен кеңескен. Бұл жас актерлерге рөлді терең түсінуге, беріле ойнауға, нашақордың өмірі қысқа екенін сахнадан көрермендерге жеткізуге көмектесті. Өз кезегінде көрермендер ыстық ықыластарын білдіріп, қошеметтерін аямады.

Қойылым аяқталған соң көрермендерге жақын адамның есірткіге тәуелді екенін анықтауға болатын белгілер туралы айтылды. Ең алдымен, мұндай адамдардың мінез-құлқы күрт өзгереді, тұйық әрі ашуланшақ болады. Содан кейін полицейлер мен психологтар жастардың сұрақтарына жауап берді, облыстағы есірткі жағдайына тоқталып, күш біріктіре оытырып есірткінің таралуымен күресуге шақырды.

– Полицияға қоңырау шалуға, мәтіндік, аудио немесе бейнехабарлама жіберуге мүмкіндік беретін “102” мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Telegram мессенджерінің пайдаланушыларына t.me/sko_narkohelp_bot деп аталатын анонимді бот ыңғайлы болмақ. Егер есірткі жасырушыларды байқап қалсаңыз, олардың әрекеттерін суретке немесе бейнежазбаға түсіріп алып, “102” нөмірі арқылы полицияға не болмаса жақын маңдағы патрульдік жасаққа хабарлаңыз. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 12 қазанда іске қосылған телеграм-бот арқылы 25 хабарлама алды. Барлық хабарламалар бойынша тексерулер жүргізілді, қажетті шаралар қабылданды. Тек полиция мен қоғамның бірлескен күшімен ғана есірткінің таралуына сенімді тосқауыл қоюға болады, – дейді Мұхаметқалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру