СҚО-да қорықшы мен полиция қызметкерлері елікті құтқарып қалды
СҚО-да қорықшы мен полиция қызметкерлері елікті құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданында учаскелік полиция инспекторы ерекше құтқару операциясына қатысты. 24 наурыз күні Бақтияр Рахметовке аудан орталығы Бескөл ауылының тұрғыны хабарласып, үйінің айналасындағы қоршауда сібір елігінің ілініп қалғанын айтты. Екі көмекшісін жанына ертіп әкелген учаскелік полиция инспекторы қосымша көмек сұрап Бескөл аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы Юрий Побережникке хабарласты. Олар елікті еппен босатып, қызметтік автокөлікке салып, мемлекеттік табиғи қорықшаның аумағына босатып жіберді.
Бақтияр Рахметов учаскелік полиция инспекторы лауазымында 2019 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.
– Мұндай оқиғаға алғаш рет тап болдым. Учаскелік полиция инспекторының жұмысында кенеттен болатын жәйттер жиі кездеседі. Сондықтан бұл жұмыста айналаңда болып жатқаннан хабардар, жан жақты болған дұрыс, – дейді ол.
Юрий Побережниктің айтуынша, көктемгі ауа райына байланысты қардың беті мұзға айналып, түзде азық табу қиындаған. Еліктің елді мекенге келуі де сондықтан дейді қорықшы. Жергілікті тұрғынның бейжай қарамауының және тұрғындардың учаскелік полиция инспекторымен тығыз қарым-қатынаста болуының арқасында түз жануары аман қалды.