СҚО-да шекараға жақын ауылдағы учаскелік полиция пункті жаңа үй-жайға көшті
СҚО-да шекараға жақын ауылдағы учаскелік полиция пункті жаңа үй-жайға көшті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы шекараға жақын Қарақоға ауылы – Қарақоға ауылдық округінің орталығы. Оның құрамына 3 ауыл кіреді, халық саны – 1984 адам. Оның ішіндегі 24 адам полицияда есепте тұр, оларды учаскелік полиция инспекторы жиі тексеріп тұрады.
Ауылдық округтегі тәртіпке жауапты учаскелік полиция пункті жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ғимаратында орналасып келген. Бұл тұрғындарға ыңғайсыздық тудырған. Биыл аудандық әкімдіктің қаражатына салынған жаңа мәдениет үйінің бірінші қабатында тәртіп сақшыларына арнайы бөлме бөлінді. Үй-жай жиһазбен, жұмыс істеуге арналған техникамен, қажетті байланыс құралдарымен жабдықталған.
Қарақоға ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Жандос Ғабдрашитов осы жақтың тумасы. Осы округте 10 жыл бойы учаскелік инспектор лауазымында қызмет атқарып келеді. Адамдарды таниды, беделі де жақсы. Оның айтуынша, полиция пунктінің ауылдың ортасында жаңа орынға көшуі тұрғындар үшін қолжетімді болып отыр.
– Бүгінгі полицияның жұмысы сервистік қызмет көрсетуге, қолжетімділікке және қоғаммен серіктестік іс-қимыл жасасуға негізделген. Полицияны материалдық-техникалық жағынан жабдықтау – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жанат Рахметов.