Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункті ашылды

СҚО-ның Жамбыл ауданында тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында учаскелік инспектордың тұрғын үйімен біріктірілген учаскелік полиция пункті ашылды. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Марат Ескендіров, облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов, ақсақалдар мен жұртшылық қатысты.

«Қол жетімді полиция» – осы қағидатты іске асыруда учаскелік полиция инспекторының ролі ерекше. Әсіресе, бұл ауылды жерде маңызды. Проблемалы сұрақтарға ден қою, жұмыстың ашықтығы – полицейлерге жұмыстың сервистік моделіне көшу міндеті қойылды. Сондықтан қызметің осы түрін нығайту жұмыстары қолға алынды.

Жамбыл ауылы Петропавл қаласынан 200 шақырым, ал аудан орталығы Пресновка селосынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округ құрамына Жамбыл, Есперлі, Қарағаш, Суаткөл, Амангелді ауылдары кіреді. Халық саны – 500 адамнан астам. Криминогендік ахуал тұрақты. Жаңа үйде полиция аға лейтенанты Мейірбек Құрманов тұратын болады, әрі тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Жалпы ауданы 60 шаршы метр болатын ғимарат екі аймаққа бөлінген: жұмыс және тұрғын үй. Кеңсе де, тұрғын үй де барлық нормаларға сәйкес жасалған. Бұл ауылдық учаскелік инспекторға қосымша жауапкершілік жүктейді: қызметті тәулік бойы және адал атқаруы тиіс.

Бұл – облыста тұрғын үймен біріктіріліп ашылған жетінші учаскелік пункт болып отыр. Соңғы екі жыл ішінде жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы жетекшілерінің қолдауымен осындай үйлер Мамлют, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда және облыс орталығында ашылды.

Сол күні Пресновка ауылында СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов Жамбыл ауданының тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткізді. Облыстық полиция басшысы аудан тұрғындарының алдында ведомствоның жедел-қызметтік жұмысының маңызды бағыттарына тоқталды. Полиция полковнигі интернет-алаяқтық, нашақорлық, мал ұрлығы фактілерінің алдын алуды күшейту, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын ескерту қажеттілігіне назар аударды. Ауданның төрт тұрғыны Нұржан Тұрсынбаев, Арман Қасымғожин, Арыстан Киікбаев және Владимир Линник белсенді ұстанымы мен ішкі істер органдарына жәрдемдескені үшін полиция департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды. Марапаттау рәсімі облыстық полицияның мәдени орталығы дайындаған концертке ұласты. Сондай-ақ СҚО ПД бастығы азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті. Қызметкерлердің алдына құқықтық тәртіпті нығайту және аудан тұрғындары мен қонақтарының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты міндеттер қойылды.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру