СҚО-дағы ішімдіктен бастартқан ауыл жайлы
СҚО-да учаскелік инспектор тұрғындары ішімдік ішпейтін ауылдың жұмысы жайлы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Қарағай ауылы спирттік ішімдік ішпейтін ауылдардың қатарына. Бұлақ ауылдық округінің құрамындағы үш ауылдың бірі. Мұнда 10 жылдан бері арақ-шарап атаулы үлде қолданылмайды. Тәжірибелі учаскелік полиция инспекторы Қанат Жанғариннің аталған округтегі тәртіпті қадағалап жүргеніне 6 жылға жақындапты.
– Мұнда 27 үй бар, халық саны – 88 адам. Мен қызмет атқарып жүрген уақыттан бері бұл елді-мекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеді. Отбасы-тұрмыстық салада, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар мүлдем жоқ. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Еркін жайылым ешқандай қауіп төндірмейді. Соңғы үш жылда мұндай бұзушылықтарға да жол берілмеді, – дейді полицей.
Қазіргі уақытта учаскелік инспектордың негізгі жұмысы – интернет-алаяқтықтың алдын алу. Мұндай фактілер де тіркелмеген, бірақ уақыт өткен сайын алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолданып, азаматтарды сан соқтыруда. Қанат Жанғарин азаматтармен үнемі кездесіп тұрады, WhatsApp желісіндегі ауыл чатына алдын алу сипатындағы жадынамаларды жіберіп тұрады. Жергілікті тұрғындар да тәртіп сақшысының жұмысына риза. Ащы судан бас тартудың арқасында ауылдағы өмір тыныш әрі қауіпсіз болғанын айтты.