Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да заманауи жедел басқару орталығы ашылды

СҚО Қызылжар ауданында заманауи жедел басқару орталығы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында жаңа заманауи жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Көлік қозғалысы қарқынды трасса бойында орналасқан бұл аудан орталығы тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы техникалық жабдықтармен және байланыс құралдарымен жабдықталды.

Орталықтың ашылу рәсіміне СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов және өзге де ресми тұлғалар қатысты. Шара барысында техника көрмесі өтіп, одан кейін жаңа орталық ресми түрде пайдалануға берілді.

Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімі бейнебақылау инспекторларына арналған үш жұмыс орнымен және жаңа серверлік жабдықпен қамтамасыз етілген. Жүйеге 5 жылдамдық өлшегіш пен 72 бейнекамера қосылған. Сонымен қатар бұған дейін Бескөлде орнатылған 145 көше бейнекамерасы да орталық жүйесіне біріктірілді. Алдағы уақытта Қызылжар ауданы бойынша 600-ден астам бейнекамераны қосу жоспарлануда. Камералар жол қиылыстарын, сауда нысандарын, мектепке дейінгі және білім беру мекемелерін қамтиды. Биылғы жеті айда бейнебақылау арқылы Бескөл аумағында 650-ден астам құқық бұзушылық тіркелген.

Барлық жұмыс орындарына ведомстволық деректер базасы орнатылып, 8 цифрлық және 20 аналогтық нөмірге арналған автоматты телефон станциясы іске қосылған. "Аялы қадам" қағидаты аясында тәртіп сақшылары "102" мобильдік қосымшасы арқылы шағым қабылдауды енгізді. Бұл қосымша полицияға қоңырау шалумен қатар, мәтіндік және дыбыстық хабарламалар, фото және бейнематериалдар жіберуге мүмкіндік береді.

Заманауи техника мен жаңа мүмкіндіктер полицияға негізгі міндеттерге — құқықбұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында қылмыспен тиімді күрес жүргізуге жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру