СҚО-да заңсыз аң аулау фактісі анықталды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заңсыз аң аулау фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңсыз аңшылық фактісі бойынша анықталған үш солтүстікқазақстандық қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Шал ақын ауданының Минеевка ауылы маңындағы орманнан олардың біреуінің көлігі, екі мылтық және атып алған еліктің еті табылды. Өткен жексенбі кешкілік аудандық полиция бөлімі мен орман шаруашылығы басқармасының қызметкерлері аңшылық алқаптар бойынша рейдтік іс-шара өткізді. Повозочное ауылынан алыс емес жерде олардың назарына «ВАЗ» автокөлігі түскен, табиғатты қорғаушыларды байқаған жүргізуші жасырынбақ болған. Полицейлер орманда қалдырылған Лада көлігін табады, оның иесі 31 жастағы Ортакөл ауылының тұрғыны екендігі анықталды.
Алдағы іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полицейлер аң ауламақ болған ауданның үш тұрғынының үстінен түсті. Қазіргі уақытта олардың барлығы ұсталды. Алынған мылтықтар мен олардың орман алқаптарында әр жерге жасырған ұрғашы сібір елігінің еті браконьерлердің айналысатын кәсібі екендігін көрсетеді. Тергеу әрекеттері нәтижесінде аңшылар аң аулаған жерлерін көрсетті. Заңсыз аңшылық фактісі бойынша ҚР ҚК 337-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Алынған мылтықтардың тіркелмегені белгілі болды. Қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша ҚР ӘҚБтК 482-бабы 1-бөлігімен әкімшілік материал жиналды.
– Қазіргі кезде аң аулауға тыйым салынған. Жыл басынан заңсыз аң аулаудың 12 фактісі анықталды, браконьерлерге қатысты қылмыстық қудалау шаралары қабылданды. Аң аулау тәртібін бұзумен байланысты 200-ден астам факті бойынша әкімшілік жауапкершілік тағайындалды, – дейді СҚО ПД табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Асхат Қожабаев.