СҚО-да жарты жылдың ішінде табиғатты қорғау заңнамасының 600-ге жуық бұзушылығы анықталды
СҚО-да жарты жылдың ішінде табиғатты қорғау заңнамасының 600-ге жуық бұзушылығы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО полицейлері мүдделі органдармен бірлесе отыра, табиғатты қорғау заңнамасының бұзушылықтарын болдырмау мақсатында рейдтер жүргізуде. Жыл басынан аң аулау ережелерін 354 рет бұзу фактісі анықталды. Көп жағдайда солтүстікқазақстандықтар тиісті құжатсыз аң аулайды, атап айтқанда, аңшы куәлігі мен қаруға рұқсат болмай жатады. Жиі кездесетін бұзушылықтардың қатарында – қаруды жиналған және оқталған қалпында тасымалдау, масаң күйде аң аулау. Соңғы аталған бұзушылық әуесқой балықшылар тарапынан жиі орын алуда.
– Су бөгеттері мен көпірлердің маңында, көл тармақтарында балық аулауға тыйым салынғанын атап өткен жөн, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев. – Алты айдың ішінде облыста балық аулауға тыйым салынған 650 метр моножіптен жасалған ау тәркіленді.
Сондай-ақ, жыл басынан заңсыз ағаш кесудің екі фактісі тіркелді. Аққайың ауданында қайыңды рұқсат қағаздарынсыз тасымалдаған 36 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы ЗиЛ жүк көлігі тоқтатылды. Материал жинастыру барысында 44 жастағы ауыл тұрғыны қайыңдарды заңсыз кесіп алғаны анықталды, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-1 бабы бойынша хаттама толтырылды.
Жалпы алты айдың ішінде СҚО полицейлері табиғатты қорғау саласында 596 түрлі құқық бұзушылық анықтады.