Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жедел уәкілдер медицина қызметкерлерімен кездесті

СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері кәсіпорындар мен ұйымдарда кездесулер өткізіп, алаяқтардың айла-тәсілдері туралы халықты хабардар етуді жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осындай кездесулердің бірін жуырда полицейлер Көпсалалы облыстық ауруханада ұйымдастырды. Жедел уәкілдер медицина қызметкерлеріне жадынамалар таратып, бейнероликтер көрсетті, желілік алаяқтардың құрығына түспеудің жолдарына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Жыл басынан СҚО-да 30-ға тарта медицина қызметкері интернет-алаяқтардың қармағына түскен. Мұндай фактілерді болдырмау үшін ақ халаттылармен арнайы кездесу өткізу туралы шешім қабылданды.

Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин алаяқтық статистикасы, қылмыстық схемалар және өздерін банк не болмаса күштік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстыратын бейтаныс адамдармен байланыс кезіндегі іс-қимыл алгоритмі туралы айтып берді.

Виталий Подчерниннің ақпараты бойынша, СҚО-да тіркелген интернет-алаяқтықтар жалған банк қызметкерлерінің қоңырауларымен, Instagram әлеуметтік желісін, OLX, «Крыша», «Колеса» сайттарын пайдалану арқылы жасалған алаяқтық фактілерімен байланысты. Көктемнің соңы мен жаздың басында қаскөйлер қарт адамдарға қоңырау шалған кезде өздерін туыстары немесе таныстары ретінде таныстырған, жол-көлік оқиғаларына түсіп қалғанын, заңмен байланысты проблема туындағанын желеу етіп үлкен сомада ақша сұраған. Күзде мұндай фактілер аз тіркелді. Бұл көбіне бірлесіп жүргізген профилактикалық іс-шараларға байланысты. Оған полицейлерден бөлек, прокуратура, әкімдік және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері, оның ішінде облыс әкімдігі жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтың тәжірибелі мамандары жұмылдырылған.

Полицейлер ақпараттық қауіпсіздікті барынша қатаң сақтауды еске салады. Мұндай жағдайларда егде жастағы адамдар осал болып келеді. Сондықтан тек ресми ақпарат көздеріне сенген абзал. Телефон арқылы сөйлескенде немесе әлеуметтік желілер арқылы байланысқанда ешқашан ешкімге жеке деректеріңізді бермеген жөн. Қаржылық операцияларға қатысты асығыс шешім қабылдамау керек, керісінше, тұтқаны бірден қоя салып, банктің call-орталығына немесе «102» нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру