Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жол ережелерін бұзған мыңнан астам құқық бұзушы анықталды

СҚО полицейлері үш күнде жол ережелерін бұзған мыңнан астам құқық бұзушыны жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8 және 10 қараша аралығында Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оған 360-тан астам полиция қызметкері мен мүдделі ұйымдардың өкілдері жұмылдырылды.

Тәртіп сақшылары апаттылыққа тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтарды анықтауға бағдарланды. Жиі жасалатын бұзушылықтардың бірі – жылдамдықты арттыру, мұндай 59 факті тіркелді.

– Жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдауға сәйкес жыл басынан белгіленген жылдамдықты арттыру 27 жол апатына алып келген, салдарынан 3 адам қаза тауып, 35 адам жарақаттар алған, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.

Сондай-ақ оның айтуынша, жол апаттарына алып келетін тағы бір себеп – маневр жасау қағидаларын бұзу. 10 айдың ішінде мұндай бұзушылық 7 адам қаза тауып, 108 адам жарақат алған 73 жол-көлік оқиғасына алып келген.

Бұдан бөлек, жедел-профилактикалық іс-шара өткен үш тәулік ішінде полицейлер мас күйдегі – 20, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткен – 16, қозғалыс кезінде жаяу жүргіншідерге жол бермеген 22 жүргізушіні жауапкершілікке тартты. СҚО жолдарында барлығы түрлі 1005 құқық бұзушылық анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру