Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жыл басынан бері отбасылық жанжалға қатысты 830 хаттама толтырылды

СҚО-да полицейлер құқық бұзушылық жасағаны үшін көзделген жауапкершілік туралы отбасылық жанжалқорларға ескертіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстікқазақстандық полицейлер «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде үй-үйді аралауды жалғастыруда. Жеке үйлер мен пәтерлерге учаскелік полиция инспекторларымен бірге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері де барды. Тәртіп сақшылары бұрын зорлық-зомбылық фактілері болған отбасыларға ерекше көңіл бөледі.

Тәжірибе көрсеткендей, отбасылық жанжалдарға ерлер мен әйелдер бірдей кінәлі болады екен. Бірақ оның салдарынан көбінесе әйелдер мен балалар зардап шегеді. Полиция қызметкерлерінің міндеті – күш қолданудың және моральдық қысым көрсетудің алдын алу, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың уақытылы жолын кесу.

Отбасылық жанжалдарды шығаруға себепші болған азаматтармен полицейлер алдын алу сипатындағы әңгіме жүргізеді, байланыс нөмірлері көрсетілген парақшалар таратады, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық үшін қарастырылған жауапкершілікті түсіндіреді.

– Президенттің Қазақстан халқына арналған Жолдауын орындау мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыздық сипатынан анықтау сипатына көшті. Заңнамадағы жаңа өзгерістер әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жәбірленушілердің арызынсыз-ақ жүргізуге мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша хаттама толтыру кезінде куәгерлердің, көршілердің, бейнебақылау камераларындағы және бейнетіркегіштердегі жазбалар жеткілікті. Түпкілікті шешімді сот шығарады. Қайтадан татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұрын материалдардың жартысына жуығы сотта тараптардың татуласуымен аяқталатын. Енді 1 шілдеден бастап сотта тек бір рет қана татуасуға болады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысым көрсетуді тоқтатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және отбасылық жауапкершілік күшейтілді. Әкімшілік қамаққа алудың мерзімдері де анықталды: отбасылық жанжал үшін жанжалқойға ескерту беріледі немесе 5 тәулікке қамалады. Құқық бұзушылық қайталап жасалған жағдайда 10 тәулікке қамауға алу көзделген – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Шақырту бойынша келген қызметкерлер зорлық-зомбылық белгілері нақты көрінген жағдайда өтініш жазылмаса да құқық бұзушылықты тіркеуге құқылы. Бұл отбасылық қысымның құрбандарына үйдегі жанжалқорлардан алған қорқыныштарын жеңуге көмектеседі. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 830 хаттама толтырылса, шілде мен тамыз айлары ішінде 583 факті тіркелді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты барлық мәселелер бойынша «150» республикалық желісіне, (7152) 61-25-30 нөмірі арқылы облыстық және 8 (7152) 49-31-58 нөмірі арқылы қалалық әйелдерді қорғау бөліністеріне жүгінуге болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру