СҚО-да жыл басынан бері полицейлерге бағынбаудың 36 фактісі тіркелді
СҚО-да жыл басынан бері полицейлерге бағынбаудың 36 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбаудың барлығы дерлік мас күйде жасалады. Қаңтар айының соңында сағат 21:00 шамасында Е.Бөкетов көшесіндегі жалдамалы пәтердің иесі айқай-шу бастаған ер адамды көршілерінің шағымдары бойынша шығаруға тырысқан. Ол үш күн бойы алкогольді ішімдіктер ішіп көңіл көтерген. Алайда, 30 жастағы жанжалқой ер адам бұл жерде өзінің құқығы шектеліп жатқанын алға тартып полицияға қоңырау шалған. Оқиға орнына келген учаскелік инспектор ер адамнан медициналық тексеруден өтуді талап етті. Мазасыз қонақ пәтерді босатудан бас тартып ашуға бой алдырды. Өзіне-өзі ие бола алмай, күш көрсетпек болды. Тәртіп сақшысының оған арнайы құралдарды қолдануына тура келді.
Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша материалдар жиналды.
Бұдан бөлек, жалпыға ортақ орындарды ластағаны үшін оған хаттама толтырылды. Ол полиция қызметкерінің көзінше темекінің қалдығын терезеге лақтырып жіберген.
– Жыл басынан облыс орталығы аумағында ҚР ӘҚБтК 667-бабы (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша 36 факті тіркелді, – дейді Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетов.