Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ПД бастығы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов Уәлиханов ауданы полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сондай-ақ облыстық полиция ведомствосының басшысы Кішкенекөл ауылындағы учаскелік полиция пунктінің жұмысын жеке өзі тексеріп, мектептегі дабыл түймесінің жарамдылығына көз жеткізді.

Уәлиханов ауданының әкімшілік орталығы — Кішкенекөл ауылы облыс орталығы Петропавл қаласынан 300 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Аудан алыс қана емес, аумағы да кең, тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Бұл жағдайлар полиция қызметінің өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырады.

Айдын Қабдұлдинов жеке құрамға министрлік басшылығының негізгі талаптарын жеткізіп, ішкі істер органдары қызметіндегі басты мемлекеттік басымдықтар мен идеологиялық бағыттарды атап өтті. Облыстық полиция бастығы қызметтік-әскери тәртіпті қатаң сақтау және "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында жұмыс жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.

Кездесу барысында Уәлиханов ауданы полициясының ардагерлері — Марат Смағұловқа, Ермек Махатовқа және Шайдолла Сыздықовқа шынайы алғыс сөздер айтылды. Елге сыйлы ақсақалдар зейнетке шықса да, өздерінің мол тәжірибесін жас буын полицейлерге беріп келеді. Айдын Қабдұлдинов ардагерлерге алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің ата-аналары да назардан тыс қалмады: аға жедел уәкіл Аслан Темірғалиевтің анасы Зүбайра Темірғалиеваға және тергеуші Дилара Қажкенованың әкесі Төлеген Қажкеновке алғыс хаттар табысталды. Полиция бөлімінің қызметкерлері Серік Әмірбеков, Жеңіс Жолдасбаев және Сейілбек Шаимов департаменттің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Бұдан бөлек, ПД бастығы аудан орталығындағы учаскелік полиция пунктінің жұмысын тексерді. Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясына барып, полиция қызметкерлерінің тексеру белгілері қойылған журналды және полиция бөлімі кезекші бөліміне тікелей қосылған дабыл түймесінің жарамдылығын тексерді. Дабыл сигналы түскен сәттен бастап полицияның тергеу-жедел тобы толық жарақтандырылған күйде бірнеше минут ішінде оқиға орнына жетті.

Облыстық полиция департаментінің бастығы өңірдегі өзге де құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдуловтың халық алдында өткен есептік кездесуіне қатысты. Мұндай кездесулер шалғай аудандардағы жеке құрамды адал әрі жауапты қызмет етуге ынталандыруға, сондай-ақ облыстың барлық өңіріндегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру