Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ПД бастығының орынбасары студенттерге есірткі өткізген жағдайда көзделген жауапкершілік туралы ескертті

СҚО ПД бастығының орынбасары студенттерге есірткі өткізген жағдайда көзделген жауапкершілік туралы ескертті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есірткі сатушылар қандай мерзімге сотталады, СҚО-да есірткі өндіріледі ме – Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері осы және басқа да сұрақтарды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевпен өткен кездесуде қоюға мүмкіндік алды.

Кездесуге СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Руслан Үмбетов, СҚО психикалық денсаулық орталығындағы наркологиялық бөлімшенің меңгерушісі Галина Андреева және Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, журналист Закиржан Мамлютов қатысты.

Олар бірінші курстың 250-ге тарта студенттерімен кездесті. «Адам өлтірумен салыстырғанда есірткі өткізу үшін ұзақ мерзімді жаза береді ме?» – бұл жастар қойған алғашқы сұрақ болды.

Полицейлердің айтуынша, жастардың көпшілігі нашақорлықтың адамзат үшін қандай зиян тигізетіндігінен бейхабар және бұл үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын білмейді. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, адам өлтіру үшін 8 жылдан 15 жылға дейін, ал есірткі өткізу үшін 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

СҚО-да ұзақ мерзімді жаза 2021 жылы Жамбыл ауданында есірткі өндіретін орын ашқан және синтетикалық есірткі өткізгені үшін ұсталған қылмыскерге берілді. Ауылдағы үйден жасырын жұмыс істеп келген есірткі зертханасының қондырғылары мен 2,5 кг. есірткі тәркіленді. Ол 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгінде жазасын өтеп жатыр. Ол құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі тыйым салынған заттарды дайындауға, сақтауға және таратуға көмектескені үшін 15, 12 және 11 жылға бас бостандығынан айырылып сотталды.

Бұдан бөлек, өткен жылы есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенді ашып жұмыс істегені үшін полицейлердің қолына түскен петропавлдық 12 жылға сотталды. Айта кету қажет, Қазақстандағы осындай интернет-дүкенге тосқауыл қоюдың алғашқы фактісі СҚО-да тіркелді. 2020 жылы Петропавлдық әкімші мен есірткі жасырушы ұсталды. Олар 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Жастардың есірткі бизнесіне кіріп кетпеуін болдырмау – бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі. Оны жүзеге асыру үшін барлығы күш біріктіруі қажет. Сондықтан біз бүгінгі кездесуге есірткінің тигізетін зиянды әсері, оның таралуымен күрес және осы күресте белсенді азаматтық ұстанымы бар әрбір адамның атқаратын рөлі туралы айтатын адамдарды шақырдық, – дейді Мұхаметқалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру