Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері ауыл тұрғынынан заңсыз сатқан алкоголь мен сақтаған қаруды анықтады

СҚО полицейлері ауыл тұрғынынан заңсыз сатқан алкоголь мен сақтаған қаруды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылжар ауданында учаскелік полиция инспекторы заңсыз спирт сатумен айналысу фактісін анықтады. Ауыл тұрғыны алкогольді өзінің үйінде сатқан. Одан үш литр сертификатталмаған алкоголь анықталды. Ол учаскелік инспекторға басқа да қордың бар жоғына көз жеткізу үшін үйді тексеруді ұсынған. Бұдан бөлек ештеңе анықталмаған, алайда тексеріс барысында полиция қызметкері тіркелмеген 16 калибрлі “ИЖ-17” бір ұңғылы мылтығын тапқан. Ауыл тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша хаттама толтырылды. Алынған алкоголь сараптамаға жіберілді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамовтың айтуынша, алкогольдік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу, учаскелік инспекторлар жұмысының маңызды желісі, бұл жұмыс 1 қыркүйектен басталып, 1 желтоқсанға дейін жалғасатын “Участке” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында жандана түсті.

– “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған кең ауқымды шараларды жүргізуді көздейді, – дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. – Негізі жұмыс – есепте тұрған адамдарды тексеру, яғни бұрын сотты болғандар, шартты түрде мерзіміне бұрын босап шыққандар, жанжалқойлар, тұрмысы төмен отбасылар және басқа да санаттағыларды тексеру. Айдың басынан бері есепте тұрған 1200 адам тексерілді. 1600-ден аса қару иелері тексеріліп, сақтау ережесін бұзудың 12 фактісі анықталды. Тіркелмеген қаруды сақтау әкімшілік және де қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін облыс тұрғындарының есіне саламыз. Жауапкершіліктен сақтанудың бір ғана жолы – ерікті түрде тапсыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру