СҚО полицейлері ауылдың екі тұрғынын балаларымен бірге Әйелдерді қолдау орталығына орналастырды
СҚО полицейлері ауылдың екі тұрғынын балаларымен бірге Әйелдерді қолдау орталығына орналастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының тұрғыны Аққайың ауданында тұратын қызының тағдырына араша түскен СҚО полицейлеріне алғыс білдірді.
5 ақпанда учаскелік инспектор Шынтас Амантаев пен ювеналды полиция қызметкері Ақжарқын Әбір аула бойы тексеру жүргізіп, ауыл тұрғынының бірінің үйіне барды. Оған қатысты бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша қорғау ұйғарымы шығарылған болатын. Ер адам бір ақылға келмей, отбасына қамқорлық жасауды мүлдем ұмытып, ішкілікке салынып, кәмелетке толмаған екі баласының көзінше жанжалға бой алдыруды тоқтатпаған. Алайда әйел үйдегі орын алған жағдай жайлы тіс жармай, қысымшылыққа төзіп келген.
Полицейлермен сөйлескеннен кейін, көмекті қабылдауды шешкен. Тәртіп сақшылары шұғыл Әйелдерді қолдау орталығымен байланысып, сол күні ауыл тұрғынын балаларымен бірге сонда апарған. Оның анасы Instagram-дағы СҚО ПД ресми аккаунтының Direct хабарламалар бөліміне облыстық полиция ведомствосының басшысы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдиновқа аудандық ПБ қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне алғыс білдірген.
3 күн өткеннен кейін осыған ұқсас жағдай басқа ауылда орын алған. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор Алтыншаш Ұлтжанова аулаларды тексеру кезінде тұрғындардың бірі қорғау ұйғарымын елемегеніне көз жеткізеді. Қысқа мерзім ішінде оның әйелі екі баласымен Әйелдерді қолдау орталығынан пана тапты. Орын алған екі жағдайда да ішімдікке берілген күйеулерімен профилактикалық жұмыс жүргізілуде.
– Ауылды жерлерде учаскелік полиция инспекторы — құқықтық тәртіпті қолдаудағы басты тұлға. Көбінесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары полицияға көмекке жүгінуге асықпайды. Үйдегі зорлық-зомбылықтың орны толмас жағдайға әкелгенге дейін бұл мәселені шешу, көбіне учаскелік инспекторлар мен бейінді қызметтердің кәсібилігіне байланысты. УПИ, ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністердің қызметкерлері тұрақты түрде аула бойы тексеріс жүргізеді, олар қиын кездерде адамдарға көмекке келуге дайын, – деді ауданның ПБ бастығы Руслан Сапаров.