СҚО полицейлері «банктен келіп түскен қоңырауға» сену – миллиондаған шығынға батыратынын ескертеді
СҚО полицейлері «банктен келіп түскен қоңырауға» сену – миллиондаған шығынға батыратынын ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шал ақын ауданының тұрғыны алаяқтардың құрбанына айналды. Оған белгісіз біреулер қоңырау шалып, шотында «күдікті белсенділік» байқалатынын айтып, жинағын «сақтап қалу» жолын ұсынған. Ол үшін sms-хабарламамен келген кодты айту қажет болды. Жәбірленушінің телефонына келіп түскен бір реттік код қылмыскерге әйелдің жылдар бойы тырнақтап жинаған 1,3 млн теңге ақшасын олжалауға мүмкіндік берді. Ақшасының жоғалғанын түсінген әйел, полицияға жүгінді.
Әйелдің айтуынша, ол интернет-алаяқтық туралы тәртіп сақшыларының тарататын буклеттері мен брошюраларынан, әлеуметтік желілердегі хабарламаларынан, профилактикалық материалдарынан білгенімен, аферистердің психологиялық қысымына түсіп қалған.
Тағы бір осындай оқиғадан Қызылжар ауданының тұрғыны опық жеген. Алаяқ хабарласып, оның атына белгісіз біреудің несие ресімдеп жатқанын және одан қорғанудың жалғыз-ақ жолы – өзіне максималды сомма несие ресімдеу екенін айтқан. Ер адам 3,5 млн теңгеден астам займ ресімдейді. Қаскөйлерге телефон арқылы келген sms-кодты айтқан соң, шотындағы ақшасы жоқ болған.
– Кейбір жағдайларда алаяқтар өз жәбірленушілерінің жеке деректерін білуі мүмкін: аты-жөндерін, банк карталарының нөмірлерін. Алайда сіз туралы қанша ақпарат білгенімен, олардың қаржыңызға қол жеткізуі үшін sms-код қажет. Ал мұндай ақпаратты ешкімге сеніп айтуға болмайды. Өз жинағыңыз туралы білгіңіз келсе, «банктің қауіпсіздік қызметінен түскен қоңырауға» сенбеңіз, банк бөлімшесіне жүгініңіз. Естеріңізде болсын: аферистерден қорғанудың бірден бір сенімді жолы – құпия мәліметтеріңізбен ешкіммен бөліспеу, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.