Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері бір аптада 27 мас жүргізушіні ұстады

СҚО полицейлері бір аптада 27 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

21-27 қараша аралығында, бір апта бойы күн сайын 400-ден астам полиция қызметкері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Облыста «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Сақшылар жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау үшін қала сыртындағы жолдар мен елді мекендердің көшелерінде тәртіпті қамтамасыз етті. Ең қауіпті бұзушылықтардың бірі – көлікті мас күйде басқару.

Петропавл сыртындағы айналма жолда тоқтатылған Mitsubishi автокөлігінің 47 жастағы жүргізушісі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Полиция қызметкерлерімен сөйлескенде шайқалақтап бір орында тұра алмаған. Медициналық куәландыру оның мас екенін көрсетті.

– Іс-шара өткен уақытта көлікті мас күйде жүргізген 27 жүргізуші анықталды. Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан облыста мас жүргізушілердің кінәсінен алты адам қаза тауып, 23 адам жарақаттар алды. Бұдан бөлек, жедел-профилактикалық іс-шара барысында жылдамдықты асырудың – 174 , бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтудің – 18, апатты жағдай жасаудың 15 дерегі анықталды. Осы бұзушылықтардың әрқайсысы ауыр зардаптармен болатын жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Ең жиі кездесетіні – жаяу жүргіншілердің жолдың рұқсат етілмеген жерінен өтуі, мұндай 345 бұзушылық тіркелді, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Облыста бір аптада барлығы үш мыңнан астам түрлі құқық бұзушылық анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру