СҚО полицейлері бір күнде 3 жеңгетайлық фактісін тіркеді
СҚО аумағында наурыздың 24-і мен 26-сы аралығында «Стоп-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның мақсаты – жұмысқа тарту және сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге мәжбүрлеу, адам саудасымен байланысты қылмыстардың жолын кесу мен алдын алу. Ойын-сауық мекемелері, базарлар, қосалқы шаруашылықтар полицейлердің ерекше бақылауына алынды.
Іс-шараның екі күні ішінде облыс аудандарында қайыршылықпен айналысудың 21 фактісі анықталды. Интернет кеңістігіне мониторинг жүргізу арқылы «жезөкше» санаты бойынша 10 қыз анықталып, анықтамалық есепке қойылды.
Адам саудасымен байланысты қылмыстарды жасауға ықпал ететін ақпараты бар веб-ресурс анықталды. Оның мекенжайы бұғаттау үшін ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментіне жолданды.
– Бұдан бөлек, Петропавл қ. аумағындағы үш саунада жеңгетайлықтың орын алуы анықталды, — деп хабарлайды СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев. — Тексеріс жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында өткізілді. Ойын-сауық мекемелерінің әкімшілері клиенттер мен сыйақы үшін жыныстық сипаттағы қызмет көрсететін қыздар арасында делдалдық еткен. Заңсыз «бизнесті» ұйымдастыруда аталған сауналарды жалға алушы облыс аудандарының бірінің 35 жастағы тұрғыны күдіктелуде. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-т. (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.