СҚО полицейлері екі жыл бұрын жасалған мал ұрлығын ашты
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер екі жыл бұрын жасалған мал ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2019 жылдың наурыз айында Айыртау ауданының тұрғыны еркін жайылымнан жылқысының ұрланғанын айтып полицияға жүгінген. Қылмыс екі жыл бойы ашылмаған. Алайда, басқа да бұрын жасалған қылмыстар сияқты, іс материалдары жаңа жедел ақпарат түскен кезде немесе жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде қайта зерделенеді.
Қазіргі уақытта СҚО аумағында жүргізіліп жатқан «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында екі жыл бұрын жасалған қылмыс бойынша күдікті анықталды. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, аудан орталығы болып табылатын Саумалкөл ауылының 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айыртау ауданының ПБ бастығы Марат Серкешевтің айтуынша, осындай қылмыстарды ашу өзекті болып табылады және аудандық полиция бөлімі басшылығының бақылауында.
– «Мал ұрысы» операциясының екі күнінде облыс аумағында бұрын жасалған алты қылмыс ашылды. Қосымша профилактикалық шаралар қабылдануда, мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктерге, оларды сататын сауда нүктелеріне тексеру жүргізілуде. Бір күн ішінде 67 автомашина, ет өнімдерін қабылдайтын және сататын 16 орын тексерілді. Полиция қызметкерлері ветеринария саласындағы заңнаманы бұзудың 18 дерегін және мал жаю ережесін бұзудың 37 дерегін анықтады, иелері анықталғанға дейін арнайы тұрақтарға 252 бас мал қамалды, – деп хабарлайды СҚО ПД Қриминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов.