Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері есірткі өткізген жағдайда қарастырылған жауапкершілік туралы студенттерге ескертіп жатыр

СҚО полицейлері есірткі өткізген жағдайда қарастырылған жауапкершілік туралы студенттерге ескертіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне жастардың еріп кетуінің алдын алу – СҚО полицейлерінің Солтүстік Қазақстан университетінің жатақханаларында өткізген профилактикалық сипаттағы рейдтік іс-шарасының мақсаты осындай.

Жастар көп шоғырланған ортаның таңдалуы бекер емес. Ата-аналарынан ұзап, алыста білім алып жүрген жастарға қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан полицейлер “Aманат” партиясындағы жастар қанатының өкілдерімен бірлесіп жадынамалар таратты, психотроптық заттарды заңсыз жолмен пайдаланған жағдайда көзделген қылмыстық жауапкершілік пен есірткіні қолданудың зиянды салдары туралы айтты.

Есірткі өткізу үшін заңмен қатаң жауапкершілік қарастырылған, десе де кей азаматтар оңай ақша табу үшін осындай тәуекелге барады. Есірткі сатушылар үлкен сомада ақша төленетінін уәде етіп, хабарландырулар орналастырады. Осылайша, қысқа уақыт ішінде байып шыға келуге құмар жастарды іздей бастайды. Полиция қызметкерлері осындай мазмұндағы хабарландыруларды анықтап, бұғаттауға жібереді. Алғашқы есірткіні жасырғаннан бастап полиция қолға түсіргенге дейін үш айға жақын уақыт өтеді. Бұл жайлы да жедел уәкілдер жастарға айтты.

– Сондай-ақ жастарға есірткі заттарын жарнамалау мен насихаттау үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілді. Бұл туралы 299-1-бап ҚР Қылмыстық кодексіне былтыр енгізілді. Оған сәйкес, есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкендерді және есірткіні жарнамалаған жағдайда үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мысалы, қылмыс топтасып интернет арқылы, білім ошақтарында немесе адамдар көп жиналатын орындарда жасалса және т.б. жазаны ауырлататын жағдайлар болса жауапкершілік 6 жылға дейін ұзартылады. Биыл облыста мұндай 4 факті анықталды, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Жыл басынан СҚО полицейлері түрлі 207 есірткі құқық бұзушылығын анықтады, оның 83-і есірткі өткізу фактілері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру