СҚО полицейлері интернет кеңістігінде алаяқтық белгісі бар 45 хабарландыруды анықтады
СҚО полицейлері екі күнде интернет кеңістігінде алаяқтық белгісі бар 45 хабарландыруды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл мерекесіне дейін бір айдай уақыт қалды. Мерекеге таяу қалғанда адамдар жақындарына сыйлықтар алуға асығады. Бұл кезде интернет-алаяқтар да әккі әрекеттеріне кіріседі. Әдетте, ғаламторда қызметтер мен тауарлар туралы жалған хабарландырулар пайда бола бастайды.
Ұсынылған баға нарықтағымен салыстырғанда әлдеқайда төмен әрі тиімді, бейтаныс сатушы алдын ала төлемді талап етеді, мессенджер арқылы байланысқа шығады (әдетте WhatApp-пен), бірақ бейнеқоңырауды қабылдаудан бас тартады. Көбінесе жәбірленушіні алдап-арбап, жасап жатқан әрекетінің шынайы екеніне сендіру үшін ғаламтордан тауып алған бөгде адамдардың жеке құжаттарының суретін жіберуге дайын тұрады.
20-22 қараша аралығында өтіп жатқан «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында СҚО полицейлері интернет-кеңістікке мониторинг жүргізуді күшейтті. Алаяқтық белгілері бар 45 хабарландыру анықталды, басым бөлігі – Instagram әлеуметтік желісінде. Оларды бұғаттау бойынша шаралар қабылданды.
– Іс-шара барысында жедел жұмыс та күшейтілді, 2 күн ішінде 14 интернет-алаяқтық ашылды, оның бесеуі бұрын жасалған. Бұл іс-шарада профилактикалық шараларға баса назар аударылады. Криминалдық полиция қызметкерлері еріктілермен бірігіп, банк бөлімшелерінде және көшелерде жадынамалар таратып, адамдарға «жалған банктердің қоңырауларына» сенуге болмайтынын ескертеді. Егер әлдебіреулер өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, сіздің атыңызға бейтаныс адамдар үлкен несие ашуға тырысып жатқанын айтса, бірден әңгімені тоқтатып, тұтқаны қоя салу қажет. Полицияға қоңырау шалып, мұндай қызметкердің бар-жоғын анықтап алған абзал. Дәл осындай тексеру сұрақтарын банктің ресми телефоны арқылы да білуге болады, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Бірінші кезекте полицейлер мен еріктілер қарт адамдарға жүгінеді. Көбінесе зейнеткерлер қаржылық сауаттылығы төмен болғандықтан, жалған банктен түскен қоңыраудың құрбаны болып жатады, қаскөйлердің нұсқауы бойынша миллиондаған несие алады және дропперлердің шоттарына жіберіді. Ал нақты алаяқ пен жәбірленуші арасындағы дропперлер алынған ақшаны шетелдегі алаяқтарға аударады.
Тәртіп сақшылары жастарға «оңай ақша табу» сипатындағы ұсыныстарға берілмеуге, күмәнді аударымдар жасау үшін банктік карталардың мәліметтерін ешкімге ұсынбауға шақырады.
Полицейлер халық арасында ақпараттық жұмыс жүргізуді интернет-алаяқтардың әрекеттеріне тосқауыл қоюдың ең сенімді әдісі деп санайды.