СҚО полицейлері ҚР Президентінің Жолдауын тыңдады
Солтүстікқазақстандық полицияның жеке құрамы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдады. Облыстың аумақтық бөліністерінің мәжіліс залдарында кезекшілік пен қызметке жұмылдырылмаған барлық қызметкерлер жиналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Офицерлер мен сержанттар ел президенті қойған міндеттерді ден қойып тыңдады. Әр қызметкер әлеуметтік саланы, экономиканы, мемлекет саясатын дамытудың әрбір бағытына ішкі істер органдарының тікелей қатысы бар екенін жақсы біледі. Тәртіп сақшыларының міндеті — елдегі қоғамдық қауіпсіздікті, тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру мәселелері мен жаңашылдықтар енгізуге баса назар аударылуда. Бұл полиция қызметінде де қолға алынған. Тәртіп сақшылары жол жүрісі қағидаларын автоматты тіркеу жүйелерін, бейнебақылау камераларын, кеудеге тағылатын тіркегіштерді белсенді қолданып келеді. Тергеушілер мен анықтаушылар қылмыстық істерді, ал учаскелік полиция инспекторлары хаттамаларды электрондық форматта жүргізеді. Полицейлердің міндеті – цифрландыруды адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде ұтымды пайдалану.
Жолдаудан кейін СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова Президент құқық қорғау органдарына қойған міндеттердің маңыздылығын атап өтті.
– Заманауи полицейлер қатаң тәртібімен, жоғары кәсібилігімен және мәдениетімен ерекшеленуі тиіс. Бұл қасиеттерге қызметтегі жеке құрам мен жас қызметкерлер ие болуы қажет. Барлығына ортақ мақсат – заң мен қоғамдық тәртіпті, адамдар арасындағы мәдениетті, жауапкершілік пен ынтымақтастықты мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз ету, – деді С.Андағұлова.