Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері шағын футболдан оқушылар арасында турнир өткізді

СҚО полицейлері нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі сипаттағы іс-шаралар өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Спорттық құмарлық, жеңіс үшін қуаныш – есірткіге тәуелді адамдар осындай эмоциялардан айырылған. Осы мақсатта жасөспірімдерге Мамлют ауданы полиция бөлімінің және СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері іс-шаралар өткізді. Балалар үшін Мамлют ауданы ПБ бастығының жүлдесіне шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Іс-шара «Есірткісіз болашақ үшін» ұранымен өтті. Оған аудан орталығындағы төрт мектептің командалары қатысты. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Петр Климов қатысушыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Барлық қатысушылар грамоталармен марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталып, үздік қақпашы, үздік қорғаушы және үздік шабуылдаушы таңдалды. Бірінші орынды №1 Мамлют мектеп-гимназиясының командасы иеленді. Сондай-ақ №2 Мамлют орта мектебі мен Мамлют санаторлық мектеп-интернаты жүлдегерлер атанды.

– Жас ұрпақ нашақорлыққа бет бұрмас үшін полиция қызметкерлерінің осы сияқты іс-шараларды өткізуі өте маңызды. Бұл – біздің жұмысымыздың құрамдас бөлігі. Жасөспірімдермен жұмыс барысында іс-шаралардың әртүрлі болуына мән береміз: қаңтар айында ғана Мағжан Жұмабаев атындағы Жоғары колледждің студенттерімен дөңгелек үстел, ал Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің оқушыларымен тренинг өткізілді. Қаңтар айының ортасында облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және әкімшілік полиция басқармаларымен мұздағы дрифт бойынша республика чемпионатының бірінші кезеңі ұйымдастырылды. Оған Петропавл және басқа қалалардан келген кәсіби және әуесқой 24 жүргізуші қатысты. Мұз үстіндегі жарыс 500-ге жуық көрерменнің басын қосты. Жарыс «Жастар есірткіге қарсы» ұранымен өтті, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру