СҚО полицейлері шекараны заңсыз кесіп өткен Ауған елінің төрт азаматын ұстады
СҚО полицейлері шекараны заңсыз кесіп өткен Ауған елінің төрт азаматын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев ҚР-ның Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту фактісін анықтауда көмек көрсеткен Петропавл тұрғынына алғыс хат жазып, қолын қойды.
Қала тұрғыны пәтер бюросы арқылы өз пәтерін жалға береді екен. Сәуір айының соңында ол өзіне тиесілі пәтердің жай-күйін тексермек болып келеді. Пәтерде тұрып жатқан төрт жігіт оның ойында күдік тудырды. Ол бірден полицияға жүгінеді. Көші-қон полицейлері тексеру барысында жігіттердің Ауғанстан Ислам Республикасынан екенін анықтады. Олардың Қазақстанда жүруге еш рұқсат құжаттары болмай шыққан. Оның үстіне, полицейлер тексеріс кезінде шетелдіктердің ҚР Мемлекеттік шекарасын, Өзбекстан жақтан белгіленбеген жерден, заңсыз кесіп өткендерін анықтады. Көші-қон қызметінің қызметкерлері жиналған материалдарды Петропавл қ. ПБ анықтау бөліміне тапсырды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы (Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Не қазақ, не орыс тілдерін білмейді, біз аудармашы арқылы тілдестік, – деп хабарлады Петропавл қ. ПБ АБ бастығы Дәурен Нығметов. – Айтуларынша, олар мектепті жуырда аяқтаған. Өз елдерінде болашақтарының жарқын боларына күмәнданған жастар Батыс Еуропаға жетіп, босқындар мәртебесін алуды көздеген. Қазіргі уақытта шетелдіктердің ҚР аумағында заңсыз болуларының мән-жайлары анықталуда.