СҚО полицейлері шетелдіктер тарапынан 13 заң бұзушылықты анықтады
СҚО полицейлері екі күннің ішінде шетелдіктер тарапынан 13 заң бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.Екі күннің ішінде 24 солтүстікқазақстандық көші-қон қызметіне үш күн ішінде шетелдіктердің келгендігі жайлы хабарламағаны үшін ескерту алды. Бұл «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шаралары кезінде жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі. Іс-шара облыста 1-5 ақпан аралығында өтуде. Негізгі мақсат – құқықтық тәртіпті сақтау, көші-қон заңнамасы бұзушылықтарын анықтау.
– Үй иелерінен шетелден қонақтар келгенде көші-қон қызметі қызметкерлеріне үш күн ішінде хабарлауға міндетті екендікті ұмытпауларыңызды сұраймыз, – дейді СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов. – Ол үшін үй иесі көші-қон қызметінің жақын жердегі бөлімшесіне хабарласуы керек, қолында баспанасының құжаттары болуы тиіс. Электрондық цифрлық қолтаңба иелері мұны қашықтықтан, яғни egov.kz порталы арқылы жасай алады. Барлық консультацияларды тұрғылықты жері бойынша полиция бөлімінен немесе Петропавл қаласындағы 34-00-23 телефондары арқылы алуға болады. Сондай-ақ, екі күннің ішінде операцияның қорытындысы бойынша шетелдіктер тарапынан 13 заң бұзушылық анықталды. Басты проблема – тіркеу мерзімін өткізіп алу, рұқсатсыз жұмысқа орналасу.
Полицейлер ЕАЭО құрамына кірмейтін елдердің азаматтары тек сәйкес рұқсат құжаты негізінде Қазақстанда жеке тұлғада жұмысты үйде iстейтiн қызметкер ретінде жұмысқа орналаса алатындығын еске салады. Қосалқы шаруашылықта жұмыс істеуге рұқсат ресімделмеген шетелдік азаматтың еңбегін пайдаланғаны үшін екі ауыл тұрғыны жауапқа тартылды.
Жалпы, Талғат Әбіловтің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында сыртқы көші-қон саласындағы жағдай тұрақты. Бүгінгі күні облыста 2801 шетелдік азамат тұрады.