Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері пәтер ұрлықтарымен күресуде

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 514 пәтер ұрлығы тіркелген, – хабарлайды Polisia.kz.

Пәтерлерден, жеке үйлерден, кеңселерден, гараждардан  бөтеннің мүлкін ұрлау -тіркелетін мүліктік қылмыстардың басым бөлігін құрайды.

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері пәтер иелері сақтық танытқан жағдайда, пәтер ұрлықтарының бір бөлігінің алдын алуға болатыны туралы айтады.

СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының ақпараты бойынша биылғы  жылдың 9 айының қорытындылары бойынша  Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимылдың  2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде қабылданған  шаралардың арқасында пәтер ұрлығының санын 32%-ға, 756 фактіден 514-ке дейін төмендету мүмкін болған.

Бүгінгі таңда СҚО-да ашылмаған 63 пәтер ұрлығы бар.

“Қылмыстың бұл түрін алдын алуда учаскелік полиция инспекторларының үй аралауы, көшелерде жаяу жасақтардың және патрульдік полиция экипаждарының жүруі тиімді. Кезекшіліктегі қызметкерлер ұрылардың әрекетіне тоқсауыл болып, жедел уәкілдермен бірге қылмыскерлерді “ізін суытпай” ұстауға қатысады. Криминалдық және патрульдік полициямен қатар, пәтер ұрлықтарын ашуға жедел-криминалистикалық бөліністердің қызметкерлері де септігін тигізеді. Жыл басынан бері қылмыс орындарынан алынған аяқ киім мен бұзып кіру құралдарының іздері 50-ден астам пәтер ұрлығын ашуға көмектесті”, -деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.


Пәтер ұрыларынан сақтану үшін кіреберіс есікке құпиялы тетіктері бар түрлі жүйелердің сапалы құлыптарын орнату қажет. Қылмыскерлердің өзімен бірге монтаждау құралдарын алып жүруі, шу туындатып, есіктегі бірнеше құлыпты бұзып, соған уақытын жұмсауы екі талай. Өкінішке орай, кез-келген құлыпты бұзып ашуға болады. Сондықтан бірнеше сапалы құлыпты пайдаланумен қатар, үйден шығар алдында терезелерді жабуды ұмытпаған жөн, пәтерде сигнализацияның (пультпен күзет, кіреберіс есікті ашу датчиктері, қозғалыс датчиктері) болғаны да дұрыс. Сондай-ақ, үй подъездерінде домофон мен бейне бақылау камераларының болуы да алдын алуда аса тиімді. Ұрылар камераларға назар аударады. Көршілердің қырағылығы, мессенджерлердегі ортақ чаттар – мүліктік қылмыстардың нәтижелі профилактикасы болып табылады дейді полицейлер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру