СҚО полицейлері табиғатты қорғау заңнамасының 443 бұзушылығын анықтады
Жаз келісімен Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту мақсатында профилактикалық іс-шараларды жандандырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық аумақтық инспекцияларының өкілдерімен, экологтар және ветеринарлармен бірлесе заңсыз аң аулау, балық аулау, сондай-ақ ағаш кесу фактілерін анықтау бойынша рейдтерге қатысады. СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, облыста жыл басынан табиғатты қорғау заңнамасының 443 құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде, жанауарлар әлемі саласында – 263, өсімдіктер әлемі саласында – алты, балық шаруашылығында – 174 бұзушылық. Рейдтер өткізу барысында инспекторлар қытайда жасалған ауларды пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударады.
Жыл басынан бері 25 түрлі экологиялық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
– Жазғы маусым басталысымен табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің қызметкерлері ауылдық учаскелік полиция инспекторларымен бірге браконьерлік фактілерін алдын алуға бағдарланды. Қызметкерлер су қоймаларының жағалауларын, орман алқаптарын тексереді. Балық аулайтын балықшылардың құжаттары мен жабдықтарын тексереміз. Ағаш кесетіндердің құжаттамаларын тексеруден басқа, біз өндірістегі техникалық қауіпсіздік ережелері мен өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға да назар аударамыз, – дейді Қанат Айтбаев.
Жыл басынан СҚО полицейлері аң аулау тәртіптерін бұзған 252 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Балық аулау тәртібін бұзғаны үшін 174 әкімшілік материал толтырылды.