СҚО полицейлері төрт күнде 17 мас жүргізушіні ұстады
СҚО полицейлері төрт күнде 17 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік құралын масаң күйде басқару – жол қозғалысы ережелерінің қайғылы салдарға әкеліп соғатын өрескел бұзушылықтардың бірі. Алкогольді тіпті аз мөлшерде қолданып рөлге отыруға болмайды. Өйткені жүргізушінің жол үстіндегі жағдайы кенеттен өзгергенде дұрыс шешім қабылдауға кедергі жасайды.
Солтүстік Қазақстан облысында 9 айда мас жүргізушілердің кінәсінен 18 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 25 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Көбіне алкогольдің әсерінен жүргізушілер көлік тізгініне ие бола алмай, көліктерін аударып жатады.
Мұндай фактілерді болдырмау үшін полицейлер жүргізушілердің тәртібін арттыруға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларды үнемі жүргізіп тұрады. Жыл басынан облыста «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы 10 рет өткізілді. Тәртіп сақшылары 26-29 қазан аралығында жолдарда күшейтілген тексерулер жүргізді. Нәтижесінде 4 күнде 17 мас жүргізуші ұсталды.
– Олардың барлығы әкімшілік қамауға алынып, 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге көлік басқару құқығынан айырылады. Алкогольдік масаң күйде көлік басқару жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін қауіпті. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл құқық бұзушылықпен күрес қатаң түрде қолға алыңған, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Бұдан бөлек, «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде апаттылыққа және жол-көлік оқиғалары салдарының ауырлығына тікелей әсер ететін жол жүрісі қағидаларының 1293 өрескел бұзылушылығы анықталды. Олардың ішінде жылдамдықты арттырудың – 75, жолдың қарсы бөлігіне шығудың – 2 және жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеуінің 22 дерегі анықталды. Сондай-ақ көлікті басқару кезінде телефонмен сөйлескен – 99 және қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбаған 145 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.