СҚО полицейлері тұрғындарға шетелдік автокөліктерді заңдастырудың ережелерін түсіндірді
СҚО полицейлері шетелдік тіркеудегі автокөліктерді заңдастыру жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін облыстық полиция департаментінде осы тақырыпта Facebook пен Instagram желілерінде тікелей эфир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің медиа-студиясында процессингтік орталықтың қызметкерлері заңдастыру тәртібі туралы екі тілде сөз қозғады, эфир барысында қойылған ондаған сұраққа жауап берді. Заңдастыру үшін қандай құжаттар қажет екені, тексеру жұмыстарының мерзімі мен тәртібі туралы айтылды. Әр автокөлік бойынша екі күн ішінде шешім қабылданады. Көлік иелерінің телефондарына оң шешім шығарылғаны және көлікті тіркеу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келу қажет екені туралы хабарлама келеді.
Тұруға ықтиярхаты бар Ресей Федерациясының азаматы көлігін тіркеуге қалай қоюға болатынын сұрады. Полицейлер оған барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Ол ең алдымен темір тұлпарын ҚР-ның азаматтығы бар туысына не болмаса басқа танысына ресімдеуі қажет, тек осыдан кейін ғана сатып алу-сату шартын жасасуға болады. Заңдастыру Қазақстан аумағында тұрақты тұратын адамдар үшін ғана өткізіледі.
– Әрбір көлік иесі құжаттарын еш кедергісіз рәсімдеуі үшін біз түсіндіру жұмыстарын жандандырдық. Қоғамның белсенді бастамашыл тобымен кездесу өткізгеннен кейін (t.me/petropavloskbanderos) Telegram-чатында арнайы диалог ұйымдастырылды. Бұл – азаматтардың көпшілігі үшін өте ыңғайлы. Әлеуметтік желілерде тікелей эфир өткізу – халықты ақпараттандырудың тиімді құралы. Көлік иелері қызықтырған сұрақтарына жауаптарын, кеңестерді жұмыс уақыты кезінде таңғы сағат 09:00-ден кешкі 19.00-ге дейін 32-00-22 немесе 32-00-19 нөмірлері арқылы call-орталыққа хабарласып алуына болады, – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Полицейлер көліктерді бір реттік заңдастыру 2023 жылғы 23 қаңтардан 1 шілдеге дейін өткізілетінін еске салады. Олардың қатарына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген, іздеуде жоқ, басқа мемлекетте тіркеуден шығарылған, кедендік тазалаудан өткен көліктер кіреді. Бұл ережелер жеңіл автомобильдерге, толық салмағы 5 тоннаға дейін жететін автобустарға және толық салмағы 3,5 тоннаға дейін жететін жүк көліктері үшін қарастырылады.