Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері велосипедті ұрлатып алмаудың амалдары туралы айтты

Әдетте жазғы уақытта велосипед ұрлығы жиілей түседі. Петропавл полицейлері велосипедті ұрлатып алмаудың амалдары туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жуырда Петропавл қаласы ПБ бірінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері бір тәулік ішінде екі бірдей велосипедті ұрлады деген күдікпен 38 жастағы қала тұрғынын ұстады. Бір жағдайда бағасы 50 мың теңге болатын Word велосипедті Жуков көшесіндегі үйдің кіреберісінен, ал екінші кезде Hygge маркалы велосипедті Жамбыл қысқа көшесіндегі үйдің кіреберісінен алып кеткен. Шығын сомасы 91500 теңгені құрады.

Аталған фактілер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қылмысты “ізін суытпай” ашуға кіреберістер мен үйлердің бірінші қабаттарында орнатылған бейнебақылау камералары көмектесті. Күдікті бұрын сотталған, нашақор ретінде есепте тұр. Велосипедтер тәркіленіп алынып, иелеріне қайтарылды.

– Домофондар сенімді қорғау құралы болып табылмайтынын естеріңізге саламыз. Қаскөйлер оңтайлы сәтті күтіп, басқа адамдармен бірге кіріп кетуі не болмаса домофонда кездейсоқ пәтерді теріп өздерін көршілердің таныстары, коммуналдық қызметтердің қызметкері болып таныстыруы мүмкін. Мүмкіндігінше велосипедтер мен балалар арбасын пәтерлерде немесе құлыпқа салынып жабылатын қоймаларда сақтаған жөн. Кіреберістерге бейнебақылау жүйесін орнату қажет. Велосипедті далада бейнекамералар назары түсетін аумақта қалдыратын болсаңыз, айдап әкетуге қарсы құрылғыларды пайдалану керек, – дейді Бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру