Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалған жүргізушілерді анықтады

Жыл басынан СҚО полицейлері жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалған 24 жүргізушіні іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

9 наурыз күні Петропавл қаласындағы Караванная көшесінде «Audi» көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағының алдында тоқтаған. Осы сәтте артында келе жатқан «Toyota Alphard» автокөлігі оны айналып өтпек болғанда қатты соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Нәтижесінде «Audi» көлігінің жолаушысы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болады. СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері апатты жасаған жүргізушіні іздеуге кіріседі.

Бейнежазбада бұзушының нөмірлік белгісін көру мүмкін болмаған, тек көліктің РФ тіркелгені белгілі болды. Дей тұрғанымен, 12 наурыз күні «Toyota» көлігінің 33 жастағы жүргізушісі ұсталды. Әкімшілік өндірісті қамтамасыз ету үшін көлігінің нөмірлік белгілері алынды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы, яғни жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК 610-бабы 2-б. және жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалғаны үшін ҚР ӘҚБтК 611-бабы 2-б. бойынша материал жинастырылды. Аталған материал енді сотқа жолданатын болады. Жүргізушіге айыппұлдар салынуы және басқару құқығынан бір жылға дейін айырылуы мүмкін.

– Заңнама талаптарына сәйкес зардап шегушiні медициналық мекемеге өтіп бара жатқан көлікпен жеткізу мүмкін болмаған жағдайда, көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалуға рұқсат етіледі, – деді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығы Айдын Байматов. – Басқа көліктердің өтуін қамтамасыз еткен жағдайда ғана көліктің қалпын өзгертуге болады, бұл ретте апатқа қатысы бар заттардың және көлік құралдарының бастапқы орналасқан орнын түсіріп алу қажет. Жыл басынан СҚО-да жүргізушілер жол-көлік оқиғасы орнынан 38 рет кетіп қалған. Қазіргі уақытта 24 факті ашылды, басқа фактілер бойынша жұмыс жүргізілуде. Адамдардың зардап шегуіне әкелген жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушілерді іздестіруге баса назар аударылады. Бұндай сегіз факті тіркелген, барлығы да ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру