СҚО полицейлері жыл басынан 200-ден астам мас жүргізушіні ұстады
СҚО полицейлері жыл басынан 200-ден астам мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған екі мас жүргізушіні ұстады.
21 наурыз күні шамамен түнгі сағат 12-де Есіл ауданы Явленка ауылының 26 жастағы тұрғыны орташа деңгейдегі масаң күйде Hyundai Terracan автокөлігін тізгіндеген. Бұл оқиғаның куәгері болған ауылдық учаскелік полиция инспекторы жүргізушінің күмәнді көлік жүргізу мәнеріне назар аударған. Келіп жеткен полиция қызметкерлері жылдамдықты асырып жүргізген жүргізушіні сол жерде ұстады. Жігіт өткен жылдың қаңтар айында 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған болып шықты.
Осыған ұқсас жағдай Петропавл қаласында да орын алған. 24 наурыз таңертең Ойқала ауданында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Nissan көлігін тоқтатқан, көлікте ерлі-зайыптылар болған. Жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны белгілі болды. Өткен жылы 35 жастағы петропавлдық 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын.
Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясымен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу және көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза қарастырылған.
– Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында жыл басынан 33 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 45 адам жарақаттар алды, 9 адам қаза тапты. 14 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері анықталды. Полицейлер 201 мас жүргізушіні ұстады, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.