СҚО полицейлері жыл басынан 24 велосипед ұрлығын ашты
Бүгінгі күні 838 петропавлдық велосипедтерін Бірыңғай деректер базасына тіркеу мүмкіндігін пайдаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тіркеу үшін кез келген жаяу патрульдегі полицейге жүгінуге болады. Бұл бастама ерікті түрде жүргізіледі. Тәртіп сақшылары ұрланған велосипедтерді сәйкестендіру қажеттілігі кезінде аталған базаны пайдаланады. Полицейлердің «темір тұлпарларын» қараусыз қалдырмау қажеттілігін ұдайы еске салып отырғанымен, велосипед ұрлығы азаятын емес. Жылдам әрі бағалы мүлік қаскөйлерді үнемі қызықтырады. Велосипед ұрлығын «ізін суытпай» аша алмаған жағдайда, оны иесіне қайтару қиындық туғызады. Алайда, бұл мүлде қайтарылмайды деген сөз емес. 7 маусым Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері «Nordway» спорттық велосипедінің ұрлығын ашты.
Құны 60 мың теңгенің велосипедін иесі үйінің алдына қойып кеткен. Бір сағаттан соң жоғалғанын байқаған. Полицейлерге ұрлықты ашуға Петропавл қ. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары, сондай-ақ жеке объектілердегі бейнекамералар көмектеседі. Камераның көмегімен қаскөйдің ізіне түсу мүмкін болды. Ол университет ауданынан қаланың екінші бір шетіндегі Кеншінбаев көшесіне дейін кеткен. Бір аптадан соң күдікті, Мағжан Жұмабаев ауданының 30 жасар тұрғыны анықталып, ұсталды. Кездейсоқ жолаушыға 10 мың теңгеге сатылып та үлгерген, ұрланған мүлікті іздеуге көп күш жұмсалды. Бағасына қызыққан қалалықтың заңсыз алған олжасынан айырылуына тура келді.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Велосипед алынып, тергеу әрекеттері аяқталған соң иесіне қайтарылады. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді.
– Велосипедтердің ұрлығына жол бермес үшін, мүмкіндігінше мүлікті пәтерге қойған дұрыс, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. — Егер подъезде қалдыруға тура келетін болса, онда оның бейнебақылаумен жабдықталуы тиіс. Қаскөйлер мұндай жерлерден аулақ жүруге тырысады. Белгілі бір жағдаймен велосипедті көшеде қалдыру керек болса, оны бейнекамералардың шолу аймағына қойған жөн. Қысқашпен кесе алмайтын айдап әкетуге қарсы сапалы тросты пайдалану қажет.
Жыл басынан СҚО-да 46 велосипед ұрлығы тіркелді. Қазіргі уақытта оның 24-і ашылды.