СҚО полициясында «Үздік жедел уәкіл» байқауы өтіп жатыр
Солтүстікқазақстандық полицейлер кәсіби байқау шеңберінде үздік қызметкерлерді анықтап жатыр. Полиция департаментінде дәстүрлі «Үздік жедел уәкіл» облыстық байқауы бастау алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері, аудандық полиция бөлімдері – жыл сайынғы жарысқа барлық қызметтерден 17 офицер қатысады. Олардың заңнама мен нормативтік-құқықтық актілерді білуін тексереді, полицейлер атыс және дене дайындығынан сынақ тапсырады, жауынгерлік күрес тәсілдерін қаншалықты меңгергенін көрсетеді.
Макаров тапаншасынан нысанаға 6 оқ атылады: үшеуі – сынамалық, қалған үшеуі – есепке алынатын оқ. Бұдан кейін жедел уәкілдер 100 және 1000 метрге жүгіреді, белтемірге тартылады. Соңғы сынақ – қоян-қолтық ұрыс. Әр кезең жақсы дайындық пен төзімділікті талап етеді. Өйткені бұның барлығы жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде, жедел-тергеу топтарының құрамында болған уақытта, қылмыскерлерді құрықтаған сәтте өте қажет.
– Жедел уәкіл әрдайым шұғыл шақыртуларға аттануға, тәуліктің кез келген уақытында, демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге дайын болуы тиіс, оған зор міндет жүктеледі. Біздің қызметкерлер із-түссіз жоғалған адамдарды іздеу бойынша барлық шараларды қабылдауға, қылмыскерлерді ұстауға дайын. Осындай міндеттер есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, экстремизмге қарсы іс-қимыл, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес секілді біздің басқа да жедел бөліністердің қызметкерлеріне жүктелген. Олардың жұмысында да мол тәжірибе мен жоғары дайындық талап етіледі. Жедел жұмыстағы жинаған тәжірибе еңбектің кез келген саласында сұранысқа ие, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
«Үздік жедел уәкіл» облыстық байқауының қорытындысы жақын күндері белгілі болмақ. Жеңімпаз республикалық деңгейде өтетін ішкі істер министрлігінің байқауына қатысады.