СҚО тұрғыны алаяқтықты болдырмаған полицейлерге алғысын білдірді
СҚО тұрғыны алаяқтықты болдырмаған полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша қаласының тұрғыны полиция қызметкерлерінің атқарған жұмыстары үшін алғыс хатын жазды. Аудан тұрғыны Instagram әлеуметтік желісіндегі хабарландыру бойынша алматылық фирмадан жиһаз сатып алмақшы болған. Алдын ала төлем жасағанымен, тапсырған жиһазы оған жеткізілмепті. Әйел интернет-алаяқтық туралы полицияға арызданды. Тайынша ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері оңтүстік астанаға қызметтік іссапармен барған кезде фирма мен тауардың барына көз жеткізді.
Мәселе арам пиғылдан емес, 20 жастағы жігіттің салғырттығынан туындаған. Ол мәселені қылмыстық жауапкершілік туралы білгеннен кейін қысқа мерзімде шешкен, ақысы төленген 18 орындық пен үстел тапсырыс берушіге жеткізілді. Қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық өндіріс тоқтатылды.
– Жамалдин Сүлейменов пен Мирас Қорлановтың арқасында мен тапсырылған үстелді, орындықтарды алдым, сондықтан осы хатты жолдап отырмын. Тәртіпті Отан мен халықтың осындай қорғаушылары қадағалап жүргені қуантады, – депті Тайынша ауданының тұрғыны алғыс хатында.
– Жалған тауарлар мен қызметтерді сату туралы хабарландырулар – желідегі алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерінің бірі. Сатушының адалдағына көз жеткізбей тұрып, алдын ала төлемге келіспеу қажет. Сөйлескен кезде бейне қоңырауды пайдаланған жөн, әдетте алаяқтар өздерінің шынайы бет-бейнесін көрсетпеу үшін бейне қоңырауды пайдаланудан жалтарады. Сақ болып, жеке мәліметтерді құпия сақтау қажет, – дейді Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов.