Студенттен телефон ұрлаған 18 жастағы ақтөбелік ұсталды
Студенттен телефон ұрлаған 18 жастағы ақтөбелік ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қаңтарда 20 жастағы студент полицияға жүгінді. Оның айтуынша, белгісіз адам оның iPhone XS ұялы телефонын ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында учаскелік полиция инспекторлары 18 жастағы жергілікті тұрғынды «ізін суытпай» анықтады.
Алайда күдікті полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық жасады.
Аталған фактілер негізінде ҚР ҚК-нің 191-бабы 1-бөлігі (Тонау) және ҚР ҚК-нің 380-бабы 1-бөлігі (Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ, күдіктінің облыс аумағында бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Сотпен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.