Су тасқыны кезінде қайықпен патрульдеген СҚО полицейлері өз оқиғаларымен бөлісті
Су тасқыны кезінде қайықпен патрульдеген СҚО полицейлері өз оқиғаларымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласының Ойқала ауданы халық тығыз қоныстанған ірі ықшам аудан болып саналады. Биылғы көктемде бұл ауданды су басты. Полицейлер бұл ауданда құрғақ жерде ғана емес, терең су басқан көшелерде де құқықтық тәртіпті қамтамасыз етті. Қазір қалыпты қызметке оралған тәртіп сақшылары қайыққа мініп патрульдеуден алған әсерлерімен және тәжірибелерімен бөлісті.
Су тасқыны туралы құтқарушылардың, ауа райын болжаушылардың ақпаратына сүйенген Петропавл қаласы полиция басқармасының басшылығы суда жүзу құралдарын алдын ала дайындап, ескекпен есе білетін және моторлы қайық жүргізуде тәжірибесі бар қызметкерлерді іріктеді.
– Менің әкем тәжірибелі балықшы болды. Әкеммен бірге қайыққа мініп жүретінмін. Су үстінде өзімді қалай ұстауды бала кезімнен білемін, – дейді қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Талғат Ауғалиев.
– Көлдер мен өзендерде суда жүзіп көргенмен, табиғат апатымен бетпе-бет келгенде басқаша күйде боласың, – деп бөлісті оның әріптесі кавалерист-полицей Нұрлан Қоқабаев.
Су басқан көшелерде жұмыс істеуге қатты ағыс кедергі келтірді. Әрі бұл өте қауіпті болды. 13 сәуір күні сағат 17:00 шамасында үлкен судың Ойқала ауданын әп-сәтте басқанын өз көзімен көргендер бұл апатты ешқашан ұмытпайды. Барлық шұғыл қызметтер бұл уақытта адамдарды эвакуациялап жатты. Полицейлерге құтқарушыларды да құтқаруға тура келді. Судың тез келіп қалғаны соншалық, ТЖ қызметкерлері кері бұрылып үлгермеген. Көлікті биік жерге шығарып, көмек шақыруға мәжбүр болған. Қатты ағыстың ішімен тәртіп сақшылары оларды қайықпен шығарып алды. Кейін мұндай сәттер көп болды. Құтқарушылар да полицейлерге көмекке келіп, бір-біріне көмектесті.
Бірнеше апта бойы Ойқала ауданы арқылы үлкен су өтіп үйлерді қиратты, маңайдағы қора-қопсыны шайып, өзімен ала кетті. Осы аумақта қайыққа мінген қызметкерлердің бірі моторға қарайласа, екіншісі қайықтың тұмысығына отырып, ұзын таяқпен судың тереңдігін тексерді, алдындағы кедергілерді ысырып отырды.
– Мынадай алапат апатты бұрын көрмегендіктен басында қиындау болды. Кейін үйреніп, ширақ қимылдай бастадық. Қалып қойған ит-мысықтарды шығара бастадық, үйлеріне өту үшін ТЖ қызметінен рұқсат алған адамдарды жеткізіп отырдық және су басқан ауданда бөгде адамдардың жүрмеуін қадағаладық. Қиын күндері тәуліктеп кезекшілікте болдық, кейін 12 сағат сайын ауысып отырдық, – дейді Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Жақсылық Байбосынов.
Тәуліктеп кезекшілікте болған Жақсылық су басқан ауданда да, құрғақ көшелерге қайтып келіп те жұмыс істеген. Әсіресе, суық жел соққанда және жаңбыр жауғанда қиын болған. Өйткені полицейлер мен құтқарушылардың шағын қайықтарын тулаған толқындар аударып тастай жаздаған.
– Қауіпті сәттер, алдындағының барлығын жайпаған толқындар әлі де көз алдымызда. Қуанышқа орай, мұның бәрін еңсердік. Қиын күндер артта қалды. Барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер мен волонтерлар өздерінің жоғары кәсібилігін және осындай қауіпті жағдайларда қызмет атқаруға дайын екендігін көрсетті. Соның арқасында барлық қойылған міндеттер орындалды, су тасқыны кезінде бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері тіркелмеді, – дейді Жақсылық.