Су тасқыны: Ұлттық ұлан сарбаздары ақтөбелік азаматтарға көмектесіп жатыр
26 наурызда Ақтөбеде ауа райы күрт жылынып, қыс бойы тоқтаусыз жауған қар ери бастады. Салдарынан қала көшелері мен қала маңындағы аудандарды су басу қаупі төнген. Қазіргі уақытта қауіп төнген аймақтарға құм салынған қапшықтар жеткізіліп, су сору жұмыстары ұйымдастырылып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қауіптің бетін қайтаруға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Ақтөбе қаласында орналасқан 6655 әскери бөлімінің сарбаздары да атсалысып жатыр. Қазіргі сәтте 150-ге жуық әскери қызметші тасқынға қарсы жұмысқа жұмылдырылды. Ұландықтар құм салынған қапшықтармен бөгет жасау жұмыстарын атқаруда.
– Ақтөбе қаласындағы су тасқыны салдарын жоюға құтқарушылармен бірге біз де көмектесіп жатырмыз. Тұрғындарды қорғау және табиғи апаттың алдын алу үшін күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз құм толтырылған қаптармен тосқауыл жасау, су сору жұмыстарын ұйымдастыру, судан келетін зиянды азайту үшін бөгет құру және тұрғындарды мен олардың мүлкін эвакуациялау шаруаларын атқарып жатырмыз. Осылайша, қаладағы жағдайды тұрақтандыруға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – осы қиын кезеңде Ақтөбе тұрғындарының қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету, – деді 6655 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының командирі Қанат Кемелбеков.
Айта кетейік, осындай іс-қимыл нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы апаттық жағдай тұрақталып келеді.
Жергілікті тұрғындар құтқарушылар мен әскери қызметшілерге су тасқынына қарсы күрестегі күш-жігері үшін алғыс білдірді. Олар көмек пен қолдау көрсеткен ұландықтардың қызметін жоғары бағалайды және уақытылы әрі тиімді әрекеттері үшін ризашылықтарын байқатты.