Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сыр өңірінде балалар полицейлерге арнап хат жазды

Бүгін Сыр өңірінде ерекше акция өтті. Қызылорда облысы полиция департаменті облыс көлемінде білім беру ұйымдарының оқушылары арасында "Полицейге хат" акциясын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталмыш шара 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған “Қазақстан балалары” іс-шараларын өткізу тұжырымдамасы аясында өткізілуде.

Бұл мереке – ұлттың бүгіні мен ертеңі саналатын балалардың жарқын болашағына деген сенімнің айқын көрінісі. Адам өмірінің жалғасы, баға жетпес қазынасы – ұрпақты қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын балаларымыздың болашағы – қауіпсіздікте.

Осы ретте тәртіп сақшыларымен ұйымдастырылған акцияға Қызылорда қаласы А.Құнанбаев атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектептің және Ә.Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.

Хаттардың мәтіні сан түрлі. Балалар өз хаттарында халықтың тыныштығын күзеткен полицейлерге алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін жазып, арман-мақсаттарымен бөліскен.

Мәселен, 5-сынып оқушысы Сүлеймен Аяна полиция тәртіп пен әділдікті, адалдық, батылдық, жауапкершілікті талап ететін мамандық екендігін айтқан. Бұл мамандыққа қызығу себебін әкесі елдің тыныштығы үшін тынымсыз еңбек етіп, полиция қызметкері болып жұмыс жасайтындығы үшін құрметтейтіндігін, өзіне үлгі тұтып, өскенде әкесі сияқты елге қызмет ететін азамат болғысы келетіндігін айтып, хат жазған.

Тәртіп сақшыларына қолдау көрсетіп, алғыс білдірген балалар грамоталармен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру