Табиғат заңнамасын бұзған 552 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Павлодар полицейлері 560 табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Экологиялық сипаттағы проблемалар жоғары назар аударуды талап етеді, оның ішінде құқық қорғау органдары тарапынан да. Сондықтан, экологиялық саладағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында Павлодар облысының табиғатты қорғау полицейлері профилактикалық жұмысты ұдайы жүргізуде.
Экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша полицияның негізгі міндеттерінің бірі экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және алдын алу ғана емес, сондай-ақ олардың жасалуына кінәлі адамдарды анықтау болып табылады.
Павлодар полицейлері биыл алғашқы алты айда 865 рейдтік іс-шара өткізіп, нәтижесінде 560 табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтады.
Облыстың 552 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде – балық аулау ережесін бұзған 278 адам, аң аулау ережесін бұзғандар – 266.
Шарбақты аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қураған ағашты заңсыз кескені үшін Галкино ауылының 36 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ұсталған азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жіберілді.
Шарбақты ауданды сотының шешімімен ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 381бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Құқық бұзушыға 30 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын табиғатты қорғауға, заңнаманың белгіленген талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік де қарастырылатынын есте сақтауға шақырады.