Тағы да жеңістің ең биік тұғырында
Ерлер мен әйелдер арасында спорттық және жауынгерлік самбо күресінен ҚР чемпионатында 74 келі салмақ дәрежесінде I орын алғаны үшін Борисов Александр марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбазы Александр Борисов 06-09 ақпан аралығында Атырауда өткен чемпионатта 74 келі салмақ дәрежесінде өз қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.
Чемпионатта барлығы 20 топ, 500-ге жуық спортшылар қатысты.
«Мен 5 белдесу өткіздім. Алғашында Шығыс Қазақстаннан Семейлік, екіншісінде Шымкенттік, үшіншісінде Алматылық, төртіншісінде Қарағандылықпен бақ сынастым. Оларды анық басымдықпен уақытынан бұрын жеңдім. Ақтық мәреде Нұр-Сұлтандық әріптесімнен басым шығып, чемпион атағын иелендім. Жеңісім үшін командирім Қажымұқан Шалтақов пен бапкерім Акадил Убаевқа алғысымды айтамын» – дейді чемпион.
Александр осымен Қазақстан Республикасы чемпионатының 2 мәрте жеңімпазы атанып отыр.
Ол алда наурыз айында Мәскеуде өтетін Харлампиев атындағы Әлем Супер кубогына, сонымен қатар, маусым айында Балиде өтетін Азия чемпионатына дайындық үстінде.