Такси жолаушысы жүргізушінің ұялы телефонын қолды қылған
Алматы облысында такси жолаушысы жүргізушінің ұялы телефонын қолды қылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Қаратал ауданының полицейлері ұрлықты «ізін суытпай» ашты.
2021 жылдың 7 қаңтарында Үштөбе қаласының 23 жастағы тұрғыны Қаратал ауданының ПБ кезекші бөліміне ұялы телефонының ұрлағаны жайында арызданған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Шақырту бойынша жеткен Қаратал ауданының ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Амандық Асылханов жәбірленушінің жолаушылар тасымалымен айналысқанын және соңғы клиенттен кейін орындықтардың арасында жатқан телефонының жоғалғанын анықтады.
Қабылданған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде үш сағат ішінде тәртіп сақшысы осы қылмысты жасаған Үштөбе қаласының 48 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ұрланған телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Жәбірленуші полицейлерге кәсіби шеберлігі мен телефонын қайтарғаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.