Талдықорғанда бомба туралы жалған ақпарат берген ер адам сотталды
Талдықорғанда бомба туралы жалған ақпарат берген ер адам сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 тамызда Талдықорған полициясының Жедел басқару орталығына облыстық Полиция департаменті әкімшілік ғимаратының біріне салынған жарылғыш құрылғы туралы анонимді қоңырау түсті.
Қоңырау жалған болып шықты. Саперлер қызметтік-іздестіру иттерімен іздестіріп, ғимарат ішінен ешқандай жарылғыш құрылғы таппады. Жедел іс-шаралар барысында полицейлер сол күні 44 жастағы жергілікті тұрғын болып шыққан анонимнің жеке басын анықтай алды. Мас күйінде қоңырау шалған ер адам ұсталып, қалалық полицияға жеткізілді.
Іс жүзінде ҚР ҚК-нің 273-бабында (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) көзделген тергеу амалдары басталды.
Нәтижесінде Талдықорған қалалық сотының үкімімен күдікті тұлға кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу, сондай-ақ жазасын өтеу мерзімінде жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлеу жұмыстарына сотталды.